Павлодарда жарты ғасырдай жөндеу көрмеген қарттар үйі күзге дейін жаңарады

Ауқымды жөндеу жұмыстары қарқынмен өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
12 мамырдан бастап облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты «Ардагерлер үйі» қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы базасында ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінгі таңда бөлшектеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта қабырғалар мен төбелерді тегістеу және сырлау, едендер мен есіктерді ауыстыру, балкондарды қаптау және әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес басқа да жұмыстар жүргізілуде. Барлық жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейінгі мерзімде аяқталады, – деді басқармада.
Еске сала кетейік, 1974 жылы қаланған ғимартта күні бүгінге дейін жөндеу болмаған. Осы мақсатта облыстық бюджеттен екі миллиард теңге қарастырылды. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды бөлек бөлмелерге орналастыру деген қажеттілік болды. Яғни, 150 бөлмеден 120 бөлмеге дейін оңтайландырылады.