Павлодарда Абай мұрасы ойын мен викторина арқылы жастарға жақындай түсті
30-ға жуық жас ақынның өлеңдерін оқып, қара сөздерінің мәнін талқылап, білімдерін сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына арналған поэзия кеші өтті.
Қатысушылар алдымен ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы фильмді тамашалап, кейін ондағы мәліметтер бойынша сұрақтарға жауап берді. Бұдан бөлек, жастар топтарға бөлініп, өлең жолдарын жалғастырып, туындыларды мәнерлеп оқыды.

Креативті жастармен жұмыс бөлімі бойынша міндетін атқарушы Айша Хамзаеваның айтуынша, кештің басты ерекшелігі – жастардың шығармаларды тыңдап қана қоймай, оларды талдап, өзара пікір алмасуына жағдай жасалуы.
– Жастардың әдебиетке қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан біз де жыл сайын жаңа форматтар енгізуге тырысамыз. Шығармашылық тапсырмаларда белсенділік танытқан қатысушыларға шағын сыйлықтар табысталды, – деді ол.

Кешке қатысқан Павлодар қаласы полиция департаментінің қызметкері Дидар Мусин үшін Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген сөзі ерекше мәнге ие.
– Абай атамыздың осы өлеңіндегі мағына өте терең. Қазіргі ұрпақ туындыларды жай жаттап қана қоймай, оның мәнін түсініп, күнделікті өмірінде қолданса, жақсы болар еді. Абайды өзіме үлгі тұтамын. Ол – ақын әрі ағартушы, бүкіл әлемге танымал тұлға. Болашақта оның сөзін нақты жеткізетін, салмақты сөйлейтін азаматтар көп болса, мемлекетіміз де алға жылжиды деп ойлаймын, – деді ол.
Дидар Мусин викторина кезеңіне белсенді қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, Абайдың қара сөздері бүгінгі буын үшін де өзекті. Ол ақынның екінші қара сөзін оқып, оның мазмұны терең екенін жеткізді.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, жастар арасында Абайдың «Көзімнің қарасы» секілді шығармаларына қызығушылық жоғары. Кешке кез келген жас қатысып, өз өнерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Алдағы уақытта ақын мұрасын жастарға заманауи әрі қызықты форматта таныстыру жұмыстары жалғасын табады.