Павлодарда жастарға заң мен жауапкершілік түсіндірілді

Павлодарда жастарға заң мен жауапкершілік түсіндірілді
Фото: автор

Өңірде «Тура жол» жобасы аясында «Заң. Тәртіп. Болашақ» атты облыстық форум өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі заттарын тұтынуға тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған форумға Павлодар қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 100-ден астам студенттері қатысты. 

Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Айымжан Шарапиденованың айтуынша, форум жастардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға, олардың қоғамдағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған.

– Форум барысында нашақорлықтың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, діни экстремизмнің, қаржылық алаяқтықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жастардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударылды, – деді Айымжан Шарапиденова.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің және қоғамдық ұйымдардың тәжірибелі мамандары шақырылды. Атап айтқанда, Павлодар облысы полиция департаментінің аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Индира Жүсіпова, теолог маман Молдаш Бекмұратов, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Әлия Қожамқұлова, Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Асет Қабдуахитов және басқа да сала мамандары сөз сөйледі.

Форум барысында қатысушыларға құқықтық жауапкершілік, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан қорғану, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік шаралары, отбасылық құндылықтар мен діни сауаттылық мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берілді.

Павлодар облысы полиция департаментінің аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды.

– Форумның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, берік құқықтық сана қалыптастыруға, есірткі заттарын және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерді қабылдамауға бағыттау. Бүгінгі іс-шараның негізгі ұстанымы – дені сау ұлтты сақтау және болашақ ұрпақты тәрбиелеу, – деді спикер.

Оның айтуынша, жастардың есірткі қылмыстарына тартылуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Ағымдағы жылдың бес айында Павлодар облысында есірткі заттарын «жасырын орындарға қалдыру» тәсілі арқылы таратқаны үшін бір кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Ол – Павлодар қаласындағы мектептердің бірінің 10-сынып оқушысы. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауына жолданған.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде осындай қылмыстар үшін жеті кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Мамандардың айтуынша, бұл деректер жастар арасында құқықтық түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын көрсетеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер жастар арасында заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Форум соңында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды ақпарат алды.