Павлодар облысында бір млрд теңгеден астам алимент өндіріп алынды

Проблемалық алимент саны – 948, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Статистикалық деректерге сәйкес 2024 жылы Павлодар облысының жеке сот орындаушыларының орындауында 16 мыңнан астам іс болған.
Павлодар облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Дәурен Исабековтің мәлімдеуінше, 16 мың өндірістің 11 мыңға жуығы мерзімді орындауда, 4 000 өндіріс бойынша алиментті борышкерлер өндіріп алушыларға дербес төлейді.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша 322 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 33 борышкер бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сегіз азаматтың жүргізуші куәліктерінің қолданылуы тоқтатылды. Арнайы тұраққа 12 автомашина қамалды, – деді Дәурен Исабеков.
Оған қоса, 288 борышкер жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар, 2024 жылы жеке сот орындаушылары берешекті өтеу есебінен бір миллиард 72 миллион теңгеден астам өндіріп алды.
Мәселен, 2024 жылы полиция департаменті, әділет департаменті және прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, 26-дан астам рейдтік іс-шаралар өткізу барысында арнайы тұраққа алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша 12 автомашина қамауға алынған. Оның ішінде 28 500 000 теңге сомасына сегіз автомашина алимент бойынша берешекті өтеу есебіне берілген.