Павлодарда жекеменшік мектептердің санын арттыру ұсынылды
Аймақта оннан астам жекеменшік балабақша мен төрт қана жекеменшік мектеп бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде орын жеткіліксіздігі бар. Осы олқылықтың орынын толтыру үшін аймақ басшысы кәсіпкерлерге ұсыныс жасады. Жалпы, өңірде 13 жекеменшік балабақша мен төрт жекеменшік мектеп бар.
Педагог қызметкерлер алқасында облыс әкімі осындай пікір білдірді. Асайн Байханов кәсіпкерлерге жеке білім беру ұйымдарын ашуды ұсынды.
- Жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруда мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп атындағы жекеменшік бастауыш мектебі жұмысын бастайтынын жеткізді. Ол 250 оқушыға арналған. Бірақ бұл облыстағы қажеттілікті толық жаба алмайды. Қазірдің өзінде мектептер мен балабақшаларда бала саны бойынша шамадан тыс жүктеме бар.
Бұған дейін Асайын Байхановтың қалалар мен аудан әкімдеріне білім гранттарын қайта бөлуді тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.