Павлодарда балалар стартапы үшін коворкинг-аймақ ашылады

Павлодарда балалар стартапы үшін коворкинг-аймақ ашылады
Фото: Константин Шелков

Бүлдіршіндер кәсіпкерлікке алғашқы қадамын баса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа оқу жылының ашылу салтанаты «Ertis Promenade» сахнасында өтті. Концерттік бағдарламаға би ансамбльдері, вокал студиялары мен домбыра оркестрі қатысып, көрермендерге қуаныш сыйлады. 

Кештің шымылдығы жас өнерпаздардың әсем әндерімен ашылып, мың бұралған билерімен жалғасты. Әрбір шығармашылық нөмір көрерменнің көңілін баурап, қуаныш пен шабыттың ерекше аурасын сыйлады.

Іс-шарада көрермендермен ойын болды. Балалар көңілді тапсырмаларды орындап, сыйлықтар ұтып алды. Атап айтқанда: астрономия обсерваториясына әсерлі саяхат, «Саз сыры» қыш шеберханасында шығармашылыққа баулитын шеберлік сабағы, гипс мүсіндерін жасауға арналған сертификаттар және ұлттық нақыштағы «шопер» сыйлықтары.

Бұл жылы жүздесуде айтулы жаңалықтар да аз болмады. М.М. Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайының басшысы Алма Ерубаеваның сөзінше, биылғы оқу жылының басты жаңалығы – BalaBusiness балалар стартапына арналған коворкинг-зонаның ашылуы. Мереке Отбасы күнімен қатар келіп, ерекше мазмұнға ие болды

– Мұнда оқушылар өз идеяларын жүзеге асырып, алғашқы кәсіпкерлік қадамдарын жасай алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтері оқу процесіне енгізіліп, қазақ тілінде мобилография студиясы мен заманауи цифрлық арт-дизайн студиясы ашылмақ, – деді Алма Ерубаева.

Жаңадан ашылатын бағыттар қатарында сән театры «Bala Chic», кулинарлық академия «Бешbala», гитара және соқпалы аспаптар студиясы бар. Бұған қоса, «Мұрагер» домбыра ансамблі мен «Саз сыры» қыш өнері студиясы өз жұмысын жалғастырады.

Алма Ерубаеваның сөзінше, оқушылар сарайының инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр.

– Биыл үлкен залдың жарық және дыбыс аппаратурасы жаңартылады. Студияларда жөндеу жүргізіліп, екінші қабатта балаларға арналған интерактивті этно-холл ашылады», – деді сарай басшысы.

Ата-аналар арасында оқушылар сарайына сұраныс көрсеткіштері артып келеді. 

– Mindal24.kz электронды жүйесі арқылы барлық бос орындар толды. Дегенмен, коммерциялық студиялар есебінен қосымша балалар қабылдануда, – деп мәлімдеді орда басшысы.

Айта кетейік, қыркүйек-қазан айларында Қалмұқан Исабаевтың және Иван Кривенконың 100 жылдық мерейтойына орай ерлік сабақтары және маршруттық квесттер ұйымдастырылады. 

Жоспарланған шаралар қатарында «Көшбасшылықты дамыту: стратегиялар мен құралдар» оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшыларына арналған республикалық білім беру интенсив қатысушылар үшін «Абайға жол» квесті өтетін болады.

Фото: автор