Павлодарлық оқушыларға қалай әскери маман болу керектігі түсіндірілді
Мектепті бітіргеннен кейін жеткіншектер ел шекарасын күзетуге мүмкіндік ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 10 -11-сынып оқушыларына ҰҚК облыстық Шекара қызметі департаментінің тәрбие, идеологиялық және кадр жұмысы басқармасының офицерлері арман-мансабын қалай құру керектігін айтып берді. Іс-шараға барлығы бес жүзден астам оқушы қатысты. Әскерилер оқушыларға ҚР ҰҚК шекара академиясына, сондай-ақ Түркия мен Ресейдің әскери жоғары оқу орындарына түсу және оқу тәртібін кеңінен түсіндіріп берді.
Департаменттің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің аға офицері Талғат Қаленовтың айтуынша, ұлттық қауіпсіздік органдарының оқу орындарына түсуге жарамды қазақстандықтардың бірнеше санаты бар. Олар орта немесе арнаулы орта білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түскен жылы 17 жасқа толған, бірақ 21 жастан аспағандар қабылданады.
Құжаттарды әскери қызмет атқарған не арнаулы мемлекеттік органдарда еңбек еткен және әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер оқуға түскен жылы 24 жасқа толғанға дейін бере алады.
Талғат Қаленов жастарға әскери қызметтің болашағы туралы да айтып берді.
- Ай сайын әскери қызметшілер лауазымдық жалақыны, әскери атағы бойынша еңбекақыны және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларды, нарядта қызмет ету кезіндегі ақшалай өтемақы төлеуді қамтитын ақшалай үлес алады. Олар сауықтыру жәрдемақысын төлей отырып, жыл сайынғы ақылы демалыспен, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Әрі 47 жастан бастап лайықты зейнетақы алады, - деп атап өтті әскери қызметші.
Іс-шара соңында офицерлер оқушыларға ақпараттық парақтарды таратты.
Фото: ҰҚК облыстық Шекара қызметі департаментінің тәрбие, идеологиялық және кадр жұмысы басқармасынан