Павлодарда жоғалған зейнеткер ауылда шөп шауып жүрген
Іздеу шараларына еріктілер де тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам 27 шілдеде 69 жастағы әкесі үйден кеткенін және әлі оралмағаны туралы хабарлаған. Өздігінен іздеу еш нәтиже бермеген соң ұлы полициядан көмек сұраған.
– Жоғалған адамды іздеуге полицияның жеке құрамы мен күштері тартылды. Байланыстағы адамдар және оның болуы мүмкін жерлер пысықталды. Іздестіру іс-шаралары барысында 20 тамызда жоғалған адамды полицейлер Аққулы ауданының ауылдарының бірінен тапты. Ер адам шөп шабуға кетіп, телефонын сөндіріп қойған, – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция іздеу бөлімінің бастығы Қуандық Қасымов.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыстың полиция қызметкерлері жоғалған 29 адамның орналасқан жерін анықтап, үйіне қайтарды.