Павлодар облысында волонтерлік қозғалыс бойынша жүздеген ұйым жұмыс істейді

Павлодар облысында волонтерлік қозғалыс бойынша жүздеген ұйым жұмыс істейді
Фото: Константин Шелков

Жастардың қоғамдық белсенділігі артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында волонтерлік қозғалыс тұрақты дамып, жастардың қоғамдық белсенділігін арттырудың маңызды тетіктерінің біріне айналды. Бүгінде өңірде 86 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олар әлеуметтік қолдау көрсетуден бастап экологиялық акцияларға дейінгі түрлі бағыттарда бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Өткен жылы облыс аумағында 2000-нан астам волонтерлік іс-шара өткізілген. Бұл көрсеткіш еріктілер қатарының кеңейіп келе жатқанын және жастардың қоғам өміріне белсенді араласуға қызығушылығы жоғары екенін аңғартады. Волонтерлік қызмет өңірде бір реттік акциялар шеңберінен шығып, жүйелі жобалар мен ұзақ мерзімді бағдарламаларға ұласқан.

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының өкілі Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, өңірде волонтерлік қозғалыс толыққанды қоғамдық институт ретінде қалыптасып келеді.

Павлодар облысында волонтерлік бірнеше бағыт бойынша жүйелі дамуда. Бүгінде жастар тек түрлі акцияларға қатысып қана қоймай, өздері жаңа жобаларды ұсынып, оларды жүзеге асыруға бастамашы болып жүр. Бұл еріктілік мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді, – деді ол.

Қазіргі таңда еріктілер әлеуметтік көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, құқықтық мәдениетті дамыту, инклюзивті қоғам қалыптастыру және жануарларды қорғау бағыттарында жұмыс істейді. Сонымен қатар, жастар республикалық деңгейдегі бастамаларға да белсенді қатысып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосуда.

Волонтерлік қызмет жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге де ықпал етеді. Сондықтан, өңірде бұл бағытты қолдау және дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.