Павлодарлық оқушыларды тамақтандыратын кәсіпкерлер миллиондаған шығынға ұшырады
Облыстық білім беру басқармасы асханадағы тамақтану сомасын бұзушылықтармен есептеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының прокуратурасы мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі шарттардың орындалуына талдау жүргізді. Оның нәтижелері тамақтану сомаларын есептеу Кәсіпкерлік кодекстің, тамақтануды ұйымдастыру ережелерінің, салық және бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып жүргізілгенін көрсетті.
– Білім беру басқармасы бюджеттік өтінімдерді жасау барысында бір реттік мектептегі тамақтану құнының есебіне қосымша құн салығы (12%) назарға алынбағаны анықталды. Тамақтануды ұйымдастырғаны үшін төлем салықты шегере отырып жүргізілген, яғни бір оқушыға 450 теңгенің орнына 402 теңге төлеген, – деді прокуратурада.
Аталған мән-жайлар қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын 33 шаруашылық субъектінің құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтырды.
– Қадағалау актісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру практикасы қайта қаралды. Кәсіпкерлерге 90 миллион теңге көлемінде негізсіз ұсталған ҚҚС сомасы төленді,– делінген хабарламада.
Жіберілген бұзушылықтар үшін облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары ескерту түрінде тәртіптік жауапқа тартылды.