Павлодарда зумерлерге заңбұзушылық пен буллингтің салдары түсіндірілді

Павлодарда зумерлерге заңбұзушылық пен буллингтің салдары түсіндірілді
Фото: Ақмарал Есімханова

Студенттер мен мектеп оқушыларына жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар және олардың салдары туралы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен кездесуде Павлодар қаласы прокурорының орынбасары Дархан Аметаев дәріс оқыды. Шара Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде өтті.

– Кез келген әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық өмір бойы із қалдырады. Жастар осыны түсінсе болғаны. Бұл ақпарат мұрағаттарда тіркеледі және тіпті жоғары оқу орнына түсуге әсер етуі мүмкін. Сондықтан, заңды әрдайым сақтау қажет, – деп атап өтті Дархан Аметаев. – Сіздер кәмелетке толмаған кезде жасаған әрекеттеріңіз үшін жауапкершілікті ата-аналарыңыз көтереді. Егер заңды бұзсаңыздар, айыппұлды олар төлейді. Бірақ салдарын өздеріңіз де сезінесіздер. Тәртіпке қайшы әрекет білім алуға немесе болашақ мамандыққа апарар жолды жабуы мүмкін.

Прокурор мектептегі буллинг тақырыбына ерекше тоқталды.

– Мектеп ортасында буллинг әртүрлі түрде көрінуі мүмкін: сыныптастардың қудалауы, әлеуметтік желілердегі мазақтау, псхиологиялық қысым. Мұндай әрекеттер үшін 40 мыңнан 118 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Қарапайым жанжалдан буллингтің айырмашылығы – оның қайталануы мен жүйелігінде. Ал кибербуллинг құпиялылығына байланысты ерекше қиындық туғызады, – деді Дархан Аметаев.

Мамандар жасөспірімдерге түсінікті тілде буллингтің кейбір түрлерін түсіндірді.

– Мысалы, «тыныш буллинг» деген бар, яғни, әлеуметтік оқшаулау. Баланы топтан шығарып тастау, сөйлеспей қою, «шеттету». Бұл өзін-өзі бағалауды бұзады және терең психологиялық із қалдырады, – деп толықтырды мамандар.

Сарапшылар оқушыларға буллингке тап болғанда сыртта қалмаудың маңызын атап өтті. Үнсіздік агрессордың жазасыздық сезімін күшейтеді. Сондықтан, мамандар хат алмасуларды, скриншоттарды сақтауға, оқиғаның күнін және орнын белгілеуге кеңес береді. Осындай дерек тіркелсе, алдымен сынып жетекшісіне немесе кураторға, сондай-ақ жасөспірімдер ісі жөніндегі учаскелік инспекторға дереу хабарлау керек. Заң мен мектеп мәселе дер кезінде айтылса, жәбірленушіні қорғай алады.