Жарықтандыру, жаңа жол: Баянауыл ауылында қандай өзгерістер күтіледі?

Жарықтандыру, жаңа жол: Баянауыл ауылында қандай өзгерістер күтіледі?
Фото: Константин Шелков

Жаңатілек ауылында көше жарығы орнатылып, кентішілік көшелер күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов кезекті жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барды. Аудан әкімі Ардақ Кісентаев Жаңатілек ауылын «Ауыл – ел бесігі» жобасына кіргізу бойынша қандай жұмыс атқарылғанын баяндады. 

– Ауылда алты учаскеге асфальт төселеді. Барлық материал қыстың күні жеткізіледі. Жаз айында жұмыстар атқарылады. Жобаның құны – 244 млн теңге, – дейді аудан әкімі Ардақ Кісентаев. 

Спикердің сөзінше, кентішілік көшелер күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Жалпы ұзындығы – 4,6 км. Жер төсемінің ені – 7 метр, жүріс бөлігінің шаринасы – 5 метр. Сметалық құны – 244 350, 834 теңге.  Құрылыстың мердігері – «Экибастузтеплоэнергомонтаж» ЖШС, ұзақтығы 3 айға созылады.

Сондай-ақ, ауыл көшелері жарықтандырылады. Ауылішілік көше жарығы 7,8 шақырымды құрайды. Жалпы соммасы – 222 млн теңге. Бүгінгі күні мемлекет сатып алуларының қорытындысы бойынша, 114 497 275 млн теңгеге павлодарлық мердігер «ХЛЕБСТРОЙ» ЖШС ұтып алды.  

– Жұмыстар сәуір айынан басталады. Қаражат толық бөлінген. Жалпы 223 шам орнатылады. Негізгі көшелер толық қамтылады. Желтоқсан айының аяғына дейін мердігерлермен кездесеміз, – дейді аудан әкімі.

Жобаның құрылыс ұзақтығы төрт айды қамтиды.

Кездесуде облыс әкімі мердігердің жұмыс сапасы мен тәжірибесі мол болуы керектігін айтты. Сонымен қатар, қыс айында керекті құрал-жабдықтардың әкелуін тапсырды.