Павлодарда үшінші қабаттан құлаған бүлдіршін ауруханаға жеткізілді
Балада ішкі ағзалардың соғылуы мен миының шайқалуы анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2021 жылы туған қыз тұрғын үйдің үшінші қабатынан құлап кеткен. Жедел жәрдем шақыртылғаннан кейін бүлдіршін Павлодар облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.
Дәрігерлер бүлдіршінді тексеріп, қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізді. Алдын ала қойылған диагноз бойынша балада ішкі ағзалардың соғылуы мен миының шайқалуы анықталған.
– Қазіргі уақытта қыз бала хирургия бөлімшесіне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оның жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағалануда. Мамандар қажетті емдеу-диагностикалық шаралардың толық кешенін жүргізіп жатыр, – деді Павлодар облыстық балалар ауруханасында.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жолы бүлдіршіннің аман қалуы – үлкен сәттілік. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.
Жаз мезгілінде терезелердің ашық болуы балалардың биіктен құлау қаупін арттырады. Сондықтан ата-аналарға терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату, москит торына сенбеу, жиһаздарды терезе маңына қоймау және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау ұсынылады.