Павлодарда ұлттық дәстүрді ұлықтаған отбасылар бас қосты
Өңірде отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Дәстүрге тағзым» шығармашыл жастар мен жас отбасылар байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтуде.
Биылғы байқауға Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан келген 35 жасқа дейінгі 13 жас отбасы бақ сынауда. Қатысушылар өздерінің өнерін, отбасылық құндылықтарын және ұлттық дәстүрлерге деген құрметін көрсетті. Байқауға көпбалалы отбасылар да белсенді қатысып, олардың арасында төрт және бес бала тәрбиелеп отырған жанұялар болды.
«Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жұлдыз Малдыбаеваның айтуынша, бұл жоба өңірде шамамен 13 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
– Біздің негізгі мақсатымыз – қоғамға үлгі бола алатын, ұлттық құндылықтарды сақтап жүрген, белсенді әрі шығармашыл отбасыларды таныстыру. Осындай іс-шаралар арқылы біз жастар арасында отбасының беделін арттырып, жас отбасыларды қолдауға үлес қосып келеміз. Жыл сайын түрлі жобалар мен отбасылық байқаулар арқылы шамамен 50 отбасыны қамтимыз, – деді ол.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз отбасыларының құрылу тарихын, махаббат хикаясын және өмірлік ұстанымдарын бейнеролик арқылы таныстырды. Бұл кезеңде әр отбасының өзіндік ерекшелігі мен отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі көрініс тапты.

Екінші кезең – «Отбасылық дәстүр» байқауында қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасында сақталып келе жатқан құндылықтарды, ұлттық тағамдарды және тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрыптарды таныстырды. Бұл бөлім көрермендер мен қазылар алқасының ерекше қызығушылығын тудырды.
Ал үшінші шығармашылық кезеңде отбасылар ән айтып, би билеп, күй орындап, сахналық қойылымдар ұсынып, өз өнерлерін паш етті. Қатысушылар шығармашылық тұрғыдан ешқандай шектеусіз өнер көрсетіп, өздерінің таланттары мен ерекше қабілеттерін таныстырды.

Аққулы ауданы, Баймолдин ауылының тұрғыны Мешітгүл Жоямерген байқауға жұбайы және үш баласымен бірге келген. Отбасында төрт бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізген қатысушының айтуынша, мұндай байқаулардың басты маңызы ұлттық құндылықтарды дәріптеуде.
– Осындай ортада басқа отбасылармен танысып, тәжірибе алмасамыз. Әр отбасының өз ерекшелігі, өз өнері бар. Балалар соны көріп, ұлттық салт-дәстүрлерді таниды. Бүгінде бесік сияқты дүниелерді көп бала біле бермейді. Сондықтан мұндай шаралар қазақы құндылықтарды сақтап, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге үлкен мүмкіндік береді. Байқаудың салт-дәстүр кезеңінде бүгінде сирек көрсетілетін бесікке салу рәсімін сахналаймыз. Бұл – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің бір жолы. Ал шығармашылық кезеңде қызымыз домбырада өнер көрсетеді. Ол «Келіншек» күйін орындайды, – дейді Мешітгүл Жоямерген.
Қатысушылардың өнерін депутаттар, қоғам қайраткерлері және кәсіби психологтан құралған қазылар алқасы бағалады. Бағалау барысында әртістік шеберлік, сахна мәдениеті, көрерменмен байланыс орнату деңгейі, шығармашылық нөмірдің мазмұны мен тәрбиелік маңызы, сондай-ақ отбасының өзін таныстыра білу қабілеті ескерілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі қоғамда жас отбасылар көптеген әлеуметтік және тұрмыстық сын-қатерлерге тап болып отыр. Сондықтан осындай жобалар жастардың отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, үлгілі отбасылардың тәжірибесін насихаттауға мүмкіндік береді.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталады.