Павлодарлық мұражай басшысы: Біз тек тың деректерді ұсынамыз
П. Васильев атындағы мұражай-үйінде Әбділдә Тәжібаевтың 115 жылдығына орай деректі фильм көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рухы биік лирикке арналған кеш «Жанды дауыс» клубының қатысушыларымен өтті.
– Бүгінгі іс-шараның ерекшелігі – деректі фильмде. Оны жүрекпен сезінуге болады. Сол арқылы Әбділдә Тәжібаев өмір сүрген дәуірдің тарихи кезеңін, шығармашылық өмірін еске салғымыз келді. Біз әрдайым тың деректерді ұсынуға тырысамыз, – дейді П. Васильев атындағы мұражай-үйінің басшысы Зәкия Мерц.
Ақын үлкен мұра қалдырған, жас ұрпақты ақындыққа тәрбиеледі. Қаламгердің өмір жолы мен шығармалары, сын зерттеу, естеліктері көпшілікке жақсы танымал деуге болады.
– Кітаптарды қолына ұстап танысқаннан гөрі фильмдер арқылы еске алу – жүрекке ерекше әсер етеді, – дейді «Жанды дауыс» клубының қатысушысы.
Сондай-ақ, жиын барысында қазақ менталитеті туралы сөз қозғалды. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер басты назарға алына отырып, қонақжайлылық туралы айтылды.
Еске алу кеші ұлттық мәдени мұрамызды құрметтеуге, білімді әрі өнегелі болуға тәрбиелейді.