Павлодарлық жазушы: «Мәшһүр Жүсіп сөз өнерінің маржанын терген»
Зерттеушілердің пікірінше, онымен қоймай, ұлы ғұлама тарих пен этнография іліміне зор үлес қосқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, «Мәшһүр тағлымы» кітабының авторы Ғалымбек Жұматовтың сөзіне қарағанда, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз.
- Сөз өнерінің тереңіне бойлап, маржанын терген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі қазақ даласында аңыз болып айтылып, жыр болып жатталған қандай туындыны болсын қағаз бетіне түсіруге ұмтылғанына том-том болып басылып жатқан еңбектерін оқыған сайын ерекше тәнті боламыз. Кезінде кеңес саясатынан тірі кезінде де, өмірден өткенде де аз қиянат көрген жоқ. Солай бола тұрса да қолына жинаған қазақтың көркемсөз мұрасын талан-таражға салдырмай, табиғи қалпында жеткізуді мақсат тұтқанын аңғарамыз, - дейді жазушы.
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазбасына қолы жеткен ғалымдар жұртқа мәшһүр болған ғұламаның да өз кезінде тарих белестеріне терең үңіліп, ақиқаттың жолын іздеуге талпынғанына көз жеткізіп отыр.
- Ғұламаның бір қолжазбасы «Қазақ тарихы» деп аталады. Осы атауына қарап зерттеудің бір елдің өткенін қозғайды деп топшылауға да болар. Бірақ шығарманы оқи отырып, автордың тереңнен ой қозғауға тырысқанын байқауға болады. Бір айта кететін жайт – ғұлама шығармалары нақты деректермен дәлелдейді, - дейді Ғалымбек Жұматов.
Жазушының пікірінше, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазба мұраларында Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев шығармаларын қамтып кетуге тырысқандығы әдебиет пен өнер, ғылым биігіне жарқырап шыққан жұлдыздардың алдағы өмірлерінің қиынға соғарын айқын сезінгендіктің белгісі.
Айта кетейік, 12 тамызда Павлодар облысында ақын, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығы тойлануда. Баянауыл ауданы Ескелді жерінде 100 киіз үй тігілді. Мереке кезінде ұлттық ойындар, конкурстар мен көрмелер ұйымдастырылады.
Фото: Валерий Бугаев