Ақсуда көпшілікке Байғабыл Жылқыбаевтың домбыра үлгісі таныстырылады

Ақсуда көпшілікке Байғабыл Жылқыбаевтың домбыра үлгісі таныстырылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шара «Ән еркесі – Байғабыл» атты Республикалық дәстүрлі ән фестивалімен жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Таныстыру 6 желтоқсан күні Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында Байғабыл Жылқыбаев атындағы дәстүрлі ән үйірме-кабинетінің ашылуында өтеді.

Кабинет ашылуының басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасын, атап айтқанда домбыра мен дәстүрлі музыканы өскелең ұрпаққа насихаттап, жастарды рухани құндылықтар мен адамгершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, ата-баба мұрасынан өнеге алуға, ұлттық дүниетаным негіздерін сіңіруге бағытталған.

Фестиваль қазақ халқының дәстүрлі әндері мен мәдениетін кеңінен дәріптеп, жастар арасында ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруды көздейді. Ұйымдастырушылар ұлттық өнерімізді тыңдап өскен ұрпақтың өзінің қазақ екенін мақтанышпен сезінетініне сенімді.

– Келушілерді сағат 12:00-де Байғабыл Жылқыбаев атындағы дәстүрлі ән үйірме-кабинетінің салтанатты ашылуы күтеді. Бұл шара барысында Байғабыл Жылқыбаевтың домбырасының үлгісімен жасалған домбыраның таныстырылымы өтеді. Сағат 15:00 – «Ән еркесі - Байғабыл» атты Республикалық дәстүрлі ән фестивалі жоспарланған. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері қатысады деп күтілуде, – дейді олар.

Байланыс телефоны: 6-49-69.

Электрондық пошта: metodotdel.gdk@yandex.kz.

Байғабыл Жылқыбайұлы 1894 жылы қазіргі Ақсу ауданы, Құркөл ауылында дүниеге келіп, 1977 жылы өмірден озды. Ол танымал әнші, домбырашы, әрі актер. Найман тайпасының Бура руынан шыққан. Б. Жылқыбайұлы Баянауылдағы жәрмеңкелерде ән орындап, көпшілікке танылған. 1940 жылдан бастап Павлодар облысындағы Бесқарағай колхоз-совхоз театрында режиссер болып қызмет атқарып, бірқатар спектакльдер қойды. Ол актер ретінде Шеге мен Қарабай (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесаларында), сондай-ақ Еспембет пен Көтібар (М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» және «Айман – Шолпан» қойылымдарында) сияқты рөлдерді сомдаған.

1992 жылы Ақсу ауданының мәдениет үйіне Байғабыл Жылқыбайұлының есімі берілді.