BABY START 2026: Павлодарда сәбилер арасында ерекше чемпионат өтеді
Байқауға қатысу тегін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
12 қыркүйекте жастар бастамаларын дамыту орталығында жас отбасыларға арналған BABY START 2026 байқауы өтеді.
Жарыста ата-анасының бірінің жасы 35-тен аспайтын, ал сәбиі 6 айдан 1,5 жасқа дейінгі отбасылар бақ сынай алады.
Чемпионат үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бүлдіршіндер еңбектеу бойынша өзара сынға түседі. Екінші кезеңде әкелер жөргекті кім жылдам ауыстыратынын көрсетсе, аналар доптарды себетке дәл түсіруден жарысады. Ал соңғы кезеңде отбасы мүшелері төрт аяқтап өтетін эстафетаға қатысады.
– Бұл күнді отбасымызбен бірге өткізіп, сәбиіміздің алғашқы жетістіктеріне қолдау көрсету маңызды. Қатысушыларды қызықты тапсырмалар мен көтеріңкі көңіл-күй күтеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктерге бағалы сыйлықтар табысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – жас отбасыларға бірге уақыт өткізуге жағдай жасап, балалардың алғашқы жетістіктерін қолдауға мүмкіндік беру.
Өтінімдер 6 қыркүйекке дейін қабылданады.
Қатысуға ниеттілер WhatsApp арқылы +7 771 130 3273 нөміріне немесе kgu_crmi@mail.ru электронды поштасына хабарласа алады.