Павлодардағы университет жаңа бағыттағы мұғалімдерді қалай әзірлеуде?

Павлодардағы университет жаңа бағыттағы мұғалімдерді қалай әзірлеуде?
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Дайындық барысында ЖИ қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда өткен «Әйелдің білімі – болашақ ғылымның негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция алаңында Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің оқу базасында жұмыс істейтін «Білім берудегі генеративті жасанды интеллект зертханасының» қызметі таныстырылды. Зертхана білім беру процесін цифрландыруға, жаңа оқыту құралдарын әзірлеуге және ұстаздардың ЖИ технологияларын тиімді қолдануына бағытталған.

Зертханада адаптивті оқыту технологиялары талданып, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер әзірленеді және педагогтарға арналған оқыту бағдарламалары жүргізіледі. Сонымен қатар оқытушылар мен студенттерге арналған шеберлік сағаттары мен тренингтер тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Зертхана қызметі халықаралық талаптарға сай жүзеге асырылуда. Жұмыста ЮНЕСКО-ның білім беруде жасанды интеллекті қолдану жөніндегі ұсынымдары негізге алынған. Бұл құжаттар ЖИ технологияларын этикалық, инклюзивті және тұрақты түрде енгізуге бағыт береді. 

Әлкей Марғұлан университетінің PhD докторы Дәрия Әбікенованың айтуынша, зертхананың мақсаты – тек технологияны енгізу емес, оны білім беру жүйесіне бейімдеу.

– Біздің лабораторияның негізгі бағыты – генеративті жасанды интеллекті білім беру процесінде тиімді қолдану. Біз ең алдымен зерттейміз, талдаймыз, кейін сол негізде нақты білім беру шешімдерін жасаймыз. ЖИ арқылы оқытуды жекелендіру, жаңа контент жасау және педагогтардың кәсіби дамуын қолдау – басты мақсатымыз, – деді ол.

Зертхана жұмысының нәтижесінде бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде математика есептерін қазақ тілінде үйрететін білім беру платформасы және цифрлық қауіпсіздік бойынша дәрістер оқытатын жоба бар. Бұл бастамалар оқушылардың оқу процесін жеңілдетіп, цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар университетте 72 сағаттық «Жасанды интеллект» курсы іске қосылған. Бұл курс оқытушыларға нейрондық желілерді пайдаланып білім беру контентін жасау, дауыс және мультимедиа әзірлеу, ғылыми және күнделікті жұмыста ЖИ құралдарын қолдануды үйретеді.

Мамандардың айтуынша, генеративті жасанды интеллект зертханасы білім беруді жаңа деңгейге көтеріп, оқытудың заманауи, икемді және тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, бүгінгі күні білім ордасы 60-қа жуық білім бағдарламалары бойынша студенттерді оқытады.

Еске сала кетейік, өңірде облыстық мәслихатында «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы саяси кеңесінің бюросы мен партияның парламенттік фракциясының бірлескен отырысы өтті. Жиында аймақтардағы цифрлық шаршау мәселесі талқыланды.