Павлодардағы мектептердің бірінде ЖИ жүйесі бар химия кабинеті ашылды
Жаңа кабинет заманауи құрал-жабдықтармен және цифрлық технологиялармен жабдықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары химия пәнін тек теория жүзінде меңгеріп қана қоймай, тәжірибе арқылы білімдерін арттыра алады. Кабинетте зертханалық ыдыстар, реактивтер, түрлі модельдер мен көрнекі материалдар бар. Олардың көмегімен оқушылар химиялық процестерді бақылап, тәжірибе жүргізіп, өз бетінше қорытынды жасайды.
Жаңа кабинеттің тағы бір ерекшелігі - «Химик AI» жасанды интеллект жүйесі. Ол күрделі формулаларды түсіндіруге, тақырыптарды тереңірек меңгеруге және тәжірибелерді орындау тәртібін үйренуге көмектеседі.
– Химия кабинетінің мүмкіндігі өте кең. Мұнда жаңа құрал-жабдықтар, заманауи материалдар, түрлі макеттер мен сызбалар бар. Олардың барлығы білім беруді тәжірибеге бағыттауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі болашақта білікті мамандар даярлауға арналған. Олар кейін зауыттар мен кәсіпорындарда еңбек етіп, елдің өндірісі мен экономикасының дамуына үлес қоса алады, – деді аталмыш білім ошағының мұғалімі Никита Алимов.
Оқушылар да жаңартылған кабинеттің мүмкіндіктерін жоғары бағалайды. Олардың пікірінше, тәжірибелік сабақтар күрделі тақырыптарды түсінуді жеңілдетіп, пәнге деген қызығушылықты арттырады.

– Біздің мектепте осындай химия кабинетінің болғаны өте жақсы. Мұнда сабақ оқу да, тәжірибе жасау да ыңғайлы әрі қызықты. Сонымен қатар, химияны көрнекі түрде меңгеруге мүмкіндік бар, – деді мектеп оқушысы Наталья Цекендер.
Педагогтардың айтуынша, цифрлық технологиялар мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оқу үдерісін толықтырып, сабақтарды мазмұнды әрі тиімді өткізуге көмектеседі. Жаңа кабинет оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, зерттеушілік дағдыларын дамытуға жол ашады.