Павлодарлық университеттің білім беру бағдарламалары үздіктер қатарында

Павлодарлық университеттің білім беру бағдарламалары үздіктер қатарында
Фото: Константин Шелков

Бағдарламалар 19 критерий бойынша бағаланды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізеді. Мұндай ауқымды рейтинг білім беру ұйымдары арасында 2023 жылы алтыншы рет өткізілді. Нәтижесінде Марғұлан университетінің бірнеше білім беру бағдарламасы жоғары сапа көрсетіп, үздіктер қатарынан табылды. 

2023 жылы жоғары оқу орындардың білім беру сапасын бағалау рейтингі 19 критерий бойынша жүргізілді. Оның ішінде түлектердің жұмысқа орналасуы, білім сапасының көрсеткіштері, жетістіктері, ББ мазмұнын бағалау, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жалпы көрсеткіштері секілді талаптар бар.

–  Өткен жылы аталған рейтингке Марғұлан университетінен 18 білім беру бағдарламасы қатысқан.  Нәтижесінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары бірінші орынды жеңіп алды, – дейді университеттегі оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Лаура Ахметова.  

Ал «Педагогика және психология», «География мұғалімдерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау», «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау: екі шет тілі, «Арнайы педагогика» бағдарламалары үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, 12 білім беру бағдарламасы үздік ондыққа енді.