Павлодарда әйелдердің ғылымдағы үлесі мен әлеуеті сөз болды
Іс-шара «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының бастамасымен Торайғыров университетінің қабырғасында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда «Әйелдің білімі – болашақ ғылымның негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиын барысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ғылымдағы әйелдердің үлесін арттырудың маңызын атап өтті.
– Әйел – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ол ғылым мен білімнің, прогрестің қозғаушы күші. Білімді әйел – елдің тұрақты дамуының кепілі. Өңірде әйелдер барлық салада жұмыс істеп, өздерін белсенді тұлға ретінде танытуда. Бүгінде облыста көптеген қоғамдық бірлестіктер бар, ең ірісі - «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты, – деді ол.
Жиында ғылымдағы әйелдердің рөлі, жас зерттеушілерді қолдау және ғылымды дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мектеп оқушыларын ғылымға тарту, университет зертханаларында жұмыс істеуге мүмкіндік беру, ғалымдардың еңбегін әділ бағалау сияқты бастамалар айтылды.
– Бүгінгі күні ғылым мен инновация – еліміздің басты стратегиялық бағыттарының бірі. Біз мектеп кезінен бастап балалардың ғылымға қызығушылығын арттыруға күш салып жатырмыз. Қазір дарынды оқушыларға университет зертханаларында жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – ғылымға жасалған үлкен қадам, – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.

Конференцияда өңірдегі бес жоғары оқу орнының өкілдері өз ғылыми жобаларын таныстырды.
– Бүгінгі шараның маңызы зор. Қазіргі таңда ғылым тек теорияда қалмауы керек, ол қоғам мен экономикаға қызмет етуі тиіс. Қазақстанда ғылым саласында әйелдердің үлесі 55 пайыздан асады. Бұл – үлкен әлеует. Біздің мақсат – сол мүмкіндікті дамыту, – деді «AMANAT» партиясы жанындағы «Ғылымдағы әйелдер» бағытының тең төрағасы Вера Ким.
Ғалымдардың айтуынша, әйелдердің ғылымға келуі жаңа көзқарас қалыптастырып, қоғамдағы стереотиптерді жоюға ықпал етеді.
– Әйелдердің ғылымдағы орны ерекше. Олар ғылыми жобаларды басқарып, түрлі бағытта зерттеулер жүргізіп жатыр. Біздің факультетте де әйел ғалымдар білім беру, мәдениет, діни сауаттылық сияқты маңызды тақырыптарды зерттеуде. Бұл жұмыстар қоғам үшін өте маңызды, – деді «Философия және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы Райгүл Салимова.

Конференция соңында қатысушылар ғылымдағы әйелдердің үлесін арттырудың маңызын атап өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай конференциялар алдағы уақытта да жалғасып, ғылымдағы әйелдердің еңбегін кеңінен насихаттауға бағытталады.