Павлодарлық оқушы Гонконг университетінің грантын ұтып алды
Аталмыш жоғары оқу орны QS Word ranking бойынша 29-орында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Назарбаев зияткерлік мектебінің мәліметінше, 12-сынып оқушысы Жанель Қазден Гонконг университетінде білім алуға грант ұтып алды.
– Мектепте мен ағылшын тіліндегі «Out Loud» сөйлесу клубын аштым. Онда оқушылар шет тілінде сөйлеу және тыңдау дағдыларын үйренді. Кездесулер ұйымдастыру, сан алуан тақырыпта ойлау және стратегиялық тұрғыда клубтың белсенділігін қалай жақсартуға болатынын қарастырдым. «STEM sisters» стартап жобасының СММ менеджері болып бұл дағдыларды одан әрі дамыттым. «STEM sisters – Stem» – пәндер бойынша тегін сабақтар беретін қыздарға арналған тәлімгерлік бағдарлама, – деді 12 «B» сынып оқушысы Жанель Қазден.
Жанель оқуға түскеніне өте қуанышты екенін жеткізді. Шәкірт болашақта практикалық тәжірибе жинау үшін Гонконгтағы халықаралық компанияларда тағылымдамадан өтуді жоспарлап отыр.
Оқушының айтуынша, Гонконг оқу орны – кәсіпті үйренуге арналған ең жақсы университеттердің бірі.
– Гонконгта оқу қиын деп болса да студенттік өмірім жарқын әрі қызықты болады деп үміттенемін, – дейді ол. – Білім ордамыз университет пен жұмыс ортасында оңай болатындай орта қалыптастыру үшін жағдай жасайды.
Ол түрлі олимпиадалар мен халықаралық жобаларға қатысу арқылы ой-өрісін кеңейтіп, білім көкжиегін дамытқанын және сол арқылы сыни ойлау, коммуникация дағдыларын шыңдауды үйренгенін айтады.