Павлодарлық балуан республикалық деңгейлі жарысқа дайындалуда

Жеңіске жеткен он азамат Шымкент қаласына жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының ерлер арасындағы чемпионатында Әлкей Марғұлан университетінің үшінші курс студенті Бақытхан Нұржол 74 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, чемпион атанды.
20 жастағы спортшы бала кезінен күреске қызығып, сегіз жасынан бастап спортқа ден қойған. Бүгінде ол Павлодар өңіріндегі ең үздік жас балуандардың бірі ретінде танылып келеді.
– Күреске деген құштарлығым бала күнімнен басталды. Ағаларым күреспен айналысатын, мен де соларға қарап ер жеттім. Әкем де қолдау білдіріп, спортқа баулыды. Сол сәттен бастап осы жолмен келе жатырмын, – дейді Нұржол Бақытхан.
Ол алғаш ауылда күрес үйірмесіне қатысқан. Кейін сегізінші сыныпта қалаға ауысып, кәсіби деңгейде жаттығу бастады. Бүгінде университет қабырғасында білім алып жүріп, спорттан қол үзбей келеді.
Нұржол Бақытханның айтуынша, жақында Баянауыл спорт кешенінде өткен ерлер арасындағы облыстық чемпионатында төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Осылайша, 74 келі салмақ дәрежесінде облыс чемпионы атанды және Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама иеленді.
– Бұл жарыс болатынын тек бір апта алдын білдім. Уақыт аз болса да, бар күшімді салып дайындалдым. Әдетте мұндай чемпионаттарға бір ай көлемінде дайындық қажет. Бірақ мен әрдайым формада жүремін, сондықтан өзіме сенімді болдым, – дейді спортшы.
Қазіргі таңда ол оқу мен спортты қатар алып жүр. Бұрын күніне екі мәрте жаттықса, қазір сабақ кестесіне байланысты кешкі уақытта бір рет дайындалады.
– Аптасына бес рет тұрақты түрде жаттығамын. Университеттегі сабақтарымды да қатар алып жүремін. Уақытты тиімді пайдалануға тырысамын, – дейді жас спортшы.
Шымкент қаласында өтетін ел чемпионаты қазан айының соңында ұйымдастырылмақ. Бұл додада Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар бас қосады.
– Бізді жарысқа Баянауыл спорт кешені дайындап жатыр. Барлық жағдай жасалған. Жол, тамақ, жатақхана мен қажетті шығындардың бәрін кешен өз мойнына алады. Бізге тек нәтиже көрсету ғана қалды, – дейді чемпион.
Павлодар облыстық чемпионатқа 60 шақты спортшы қатысқан. Оның ішінде 10 ер адам Шымкентке жолдама алған.
– Мен негізі жастар арасында күресіп жүргенмін, биыл алғаш рет ерлер арасында белдестім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Алдағы уақытта ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын, – дейді Нұржол Бақытхан.
Нұржол Бақытқанның бала кезінен жинақтаған тәжерибелері мол. Оның ішінде: Қазақстан Чемпионатынан екінші орын, спартакиада бірінші орын, Канаев республикалық турнирінде бірінші орын, Сәтпаев республикалық турнирінде үшінші орын, Павлодар облысының чемпионатында бірінші орын иегерлері атанып отырған жас спортшы.