Баянауыл көкпаршылары облыс чемпионатында топ жарды

Баянауыл көкпаршылары облыс чемпионатында топ жарды
Фото: Константин Шелков

Аталмыш додада жүзге жуық спортшы бой көрсетті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Құлагер» ипподромында көкпар ойыны бойынша Павлодар облысының чемпионаты өтті.

Жарыста сегіз командадан 90-нан астам спортшы бақ сынасты. Бұл жолы баянауылдықтардың асықтары алшысынан түскен. 

Аталмыш доданың нәтижесі бойынша үшінші орынды Май ауданының «Малайсары батыр» командасы алса, екінші орынды Баянауыл ауданының «Қызылтау» командасы иеленді. Бірінші орынды да «Баянауыл» құрамасы жеңіп алды. 

Еске сала кетейік, Баянауыл ауданы Ескелді шатқалында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай ұлттық спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылған болатын. Аталмыш тойда көкпар ойындарында 10 миллион теңге тігіліп, бірінші орынды екібастұздық спортшылар еншілеген еді.