Павлодарлық бишілер халықаралық байқаудың бас жүлдесін алды

Павлодарлық бишілер халықаралық байқаудың бас жүлдесін алды

Жас таланттар екі номинацияның бірінші орнын иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Алматы қаласында «MEGA DANCE» халықаралық байқау-фестивалі өтті. Бұл байқауға «Жұлдыздар» заманауи би студиясы «Халық биі» және «Эстрадалық би» номинациялары бойынша, орта және жоғары – 11-14, 15-18 жас санаттарында қатысты.

Байқау дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін шығармашылық қызметті жандандыру және жағдай жасау мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, шығармашылық жетістіктермен алмасу, Қазақстанның түрлі қалаларынан мәдениет ұйымдары мен шығармашылық ұжымдардың өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын кеңейту үшін ұйымдастырылды.

«MEGA DANCE» халықаралық байқау-фестивалінің қорытындысы бойынша ересек топ ««Халық биі» номинациясындағы Ақ баян» биімен VIP Гран-при ұтса, «Эстрадалық би» номинациясында «Пробуждение» биімен бірінші орынды иеленді. 

 «Жұлдыздар» заманауи би студиясы жоғары награда үшін ақшалай сыйлықпен марапатталды. Әр қатысушыға дипломдар, медальдар, кубоктар, студия жетекшісі - Анжела Тактауловаға ұйымдастырушылардан алғыс хат табыс етілді.