Павлодар облысында «Ауыл кітапханасына 100 кітап» акциясы жалғасуда

Павлодар облысында «Ауыл кітапханасына 100 кітап» акциясы жалғасуда
Фото: Константин Шелков

Сыйға берілген кітаптар арасында Алаш тақырыбы, Алаш қайраткерлерінің ұлтты ояту мақсатында жазған оқулықтары бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәселесіне ерекше тоқталып өтіп, өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген болатын. Осыған орай «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның мақсаты шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Президент Әкімшілігінің басшысы Дәдебай Айбек Арқабайұлы атынан  Павлодар облысының ауыл кітапханаларына қазақ және әлем классиктерінің кітаптары, қазақ әдебиетінің үздік туындылары мен танымдық-ағартушылық еңбектер, сондай-ақ балалардың сүйіп оқитын кітаптары сыйға тартылды. Олар мазмұны терең, заманауи үлгіде безендірілген ерекше құнды туындылар. 

Сыйға берілген кітаптар арасында Алаш тақырыбы, Алаш қайраткерлерінің ұлтты оятып, оқу-ағарту мақсатында жазған оқулықтары мен оқу құралдары, тарихи романдар, салт-дәстүр жайлы  кітаптар бар. Атап айтқанда, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ», Гүлнар Дулатованың «Шындық шырағы», үш томдық «Движение Алаш», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ», Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым», Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманай», Зейнеп Ахметованың «Күретамыр», «Бабалар аманаты»  кітаптар ауыл кітапханаларына табысталатын болады.

Сыйға табысталған бұл кітаптар өз оқырманын тауып, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.