Павлодарлық «Блэйз» би ұжымының жетекшісі: Мықты жаттықтырушылар шығады

Павлодарлық «Блэйз» би ұжымының жетекшісі: Мықты жаттықтырушылар шығады
Фото: @tiptop_blaze

Тарихы 30 жыл бұрын бастау алатын шығармашылық ұжымның бүгінде алған марапат пен медальдарын санау мүмкін емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Любовь Корнюхина жетекшілік еткен  М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының  «Блэйз» үлгілі эстрадалық би студиясы 1991 жылы Алматы қаласынан «Әнші балапан» ұйымдастырушылары Павлодар облысында байқау өткізгенде алғаш рет қатысып, үздіктер қатарына енген. Ал бір жылдан кейін республика деңгейіне шығып, өнер көрсеткен. Павлодарлық бишілердің нөмірлерін теледидардан көрсетіліп, бұқараның назарына паш етілді. Осы уақыттан бері жыл сайын ұжым түрлі сайыс, байқау, фестивальге шет елдерге сапармен шыға бастады. Ресей, Болгария, Италия, Франция, Словакия, Испания, Грузия, Түркия және тағы да басқа елдердің төрінде бишілік өнерін дәлелдеп, жүлделі орындармен Қазақстанның абыройын асқақтатуда. 

Любовь Корнюхинаның айтуынша,  би ұжымына ұзақ уақыт бойы атау қойылмаған. Үлгілі эстрадалық би студиясы ретінде өнер көрсетіп жүрген. 

– «Блэйз» деген атауды өзім ойлап тауып, қойған болатынмын. Балалар сахнаға шыққан кезде жұлдыздай жарқырап, көрермендерге өздерінің тасып тұрған күш-жігерін көрсеткенін қаладым. Бір орында тұрмай, белестерді бағындыру біздің ұранымызға айналды, – деді жаттықтырушы. 

Алғашқыда би студиясына 6-18 жастағы қыздар барып жүрді. Жалпы 120 биші қыз болатын. Кейіннен «Блэйз» және «Тип-топ»  болып екіге бөлінді. 

– Ең бастысы, биді өз еркімен, бар жанын салып, билеу керек. Кішкентай қыздарға биді ойын арқылы үйретеміз. Ол арқылы қимылдарды тез қабылдап, есте сақтайды. Хореографиялық элементтерді көрсеткен кезде акробатика мен гимнастиканы да қосамыз, – деп атап өтті ол. 

«Блэйз» студиясы репертуарында көпшіліктің назарына ұсынылған, халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бағаланған эстрадалық би түрлері бар. Оған қазақша, рок-н-ролл, джаз, контемпорари, хип-хоп стилдерін мысал ретінде келтіруге болады. 

– Екінші жаттықтырушы Анжелика Буличпен бірге әр бидің құрылымын, қимылдарын ойластырып, қызықты етіп беруге тырысамыз. Анжелика біздің студияның түлегі болғаннан кейін көзқарасымыз бір жерден шығып жатады. Бір жағынан жас әрі талантты жаттықтырушының болғаны шығармашылық жағынан ұжым үшін өте тиімді, – деді Любовь Корнюхина.

Оның сөзінше, кейбір хореографиялық қойылымдар жиырма жылдан астам өзінің даралығын жоғалтпаған. 

– «Пробуждение» қойылымын сонау 2000 жылдары алғаш рет билеп едік. Көптеген жүлдені әкелген бидің бірі. Бірақ қазір оны билемейміз, – деді ол. 

Жаттықтырушының айтуынша, он немесе жиырма жыл бұрын қойылған «Мечты сбываются», «Толғау» сияқты нөмірлерге жаңадан дем беріліп жатыр. 

– Әні өзгертіліп, киімдерін жаңаша тіктіріп жатамыз. Қыздар да ауысады, ал бұл өз кезегінде стильдің өзгеруіне әкеледі, – деп атап өтеді Любовь Корнюхина.

«Блэйз» студиясының шәкірттері оқуға түскен кезде еш қиындықтар көрмейді, себебі олардың қоржынында байқаудан алып келген медальдар саны өте көп. Яғни, би ұжымынан бастау алып, әлемдік деңгейде өнер көрсеткен қыздар мықты жаттықтырушы болып шығады. 

– Әрине, жеңістерімізбен мақтанамыз. Үнемі жаңа нәрсе ойлап табуға тырысамыз. Осындай дарынды, талантты қыздардың болғаны мені қатты қуантады, – дейді Любовь Корнюхина.

Бүгінде «Тип-топ»  үш жастан бастап баратын кішкентай балалар өскеннен кейін шығармашылық жолын «Блэйз» студиясында жалғастырады. Қазір әр би ұжымында 50 қыз бар.