Мәдениет вице-министрінің Иманбектің табысына көңілі толмайды
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов облыс тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиында Евгений Кочетов авторлық құқықты сақтау мәселесін көтерді. Баяндамашы мысал ретінде Instagram желісіндегі қазақ музыкасына қатысты жағдайды келтірді.
- Инстаграмда көпшілік байқағандай, қазақстандық әртістер жоғалып кетті, - деп бастады сөзін Евгений Кочетов. – Қазақстанда авторлық құқықты қорғауға деген көзқарасты өзгерту қажет. Елімізде өнер қайраткерлерінің мүддесін қорғайтын қоғамдар көп. Өнерпаздар көбіне олардың құқықтарын кім қорғайтынын, шығармаларының қайда қолданылатынын білмейді. Мен жерлестеріңіз Иманбекпен сөйлестім, ол маған музыкасы үшін шетелде үнемі гонорар алатынын, ал Қазақстанда ешқандай төлем төленбейтінін айтты. Бұл масқара ғой!
Бұған 2029 жылға дейінгі мәдени саясатты дамытудың жаңа тұжырымдамасы көмектесуге арналған. Шығармашылық индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ әртістері мен қолөнершілеріне арнаулы салық режимдері мен арнайы мемлекеттік қолдау шаралары жасалады.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ музыкасының танымал желіден жоғалып кетуіне себеп – Meta мен Қазақстан авторлар қоғамы (ҚазАҚ) арасындағы келісім-шарттың мерзімі аяқталды. Оған сәйкес, Meta музыканы пайдаланғаны үшін төлемді – роялти төлеген.
Төлем сомасына ҚазАҚ көңілі толмай, оны көбейтуді талап етті. Келіссөздер басталды. Келіссөздер жүрген уақытта келісім-шарт мерзімі аяқталып, жаңасы жасалмаған.