Павлодар облысында 500 жас музыкант бір мезетте домбыра үнін күмбірлетті

Павлодар облысында 500 жас музыкант бір мезетте домбыра үнін күмбірлетті
Фото: автор

Республикалық «Күй күмбірі» челленджіне өңірдің мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы сауда орталығы бір сәтке үлкен филармонияға айналып, «Тепеңкөк», «Сарыарқа» және «Көроғлы» күйлері қалықтады.

«Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің жетекшісі Серік Сыздыков атап өткендей, шара Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өтуде.

- Музыкалық акция қазірдің өзінде игі дәстүрге айналды. Бір мезетте жүздеген домбырашы тыңдаушыларға даланың тынысын сыйлап, оның үнін атақты күйлер арқылы жандандырады. Бұл әуендерде кеңдік, еркіндік пен халық рухының қуаты бар. Осылайша, ұлттық аспаптар мен бай мұраның шынайы насихаты жүзеге асады. Бүгін бұл біртұтас үнге облыстағы барлық мектептер қосылды, - деді Серік Сыздыков.

Ең жас домбырашының жасы алтыда, ал ең үлкені – 18-де. Қатысушылардың арасында екі жыл бұрын домбыра үйірмесіне келген 13 жастағы Дастан Шабамбаев та бар.

- Үйірмеге мені ата-анам алып келді. Челленджге шақырғанда қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен сахна сияқты. Өз алдыма күйді мінсіз керек деген мақсат қойдым, сонда ғана көрерменнің ықыласына лайық боласың. Бүгін өнерсүйер қауымның арасында әкем де болды. «Тепеңкөк» - менің сүйікті шығармам, оны дәл бүгін орындағаныма қуаныштымын, - дейді Дастан.

Өткен жылдары шамамен ауқымды шараға 300 бала қатысса, биыл олардың саны 500-ге жетті. Жалпы Павлодар облысы бойынша бір мезетте 30 мыңнан астам жас домбырашы күй орындады. Бұл қазақ музыкасының дәстүрі әлі де өміршең әрі қуатты екенін дәлелдейді.