Павлодарлық боксшы әлемнің үздіктерімен бірге Дубайға аттанды
Біріккен Араб Әмірліктерінде бокстан әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) аясындағы турнирдің ашылу салтанаты 2 желтоқсанда өтті. Қазақстан намысын 13 боксшы қорғайды. Ұлттық құрамаға Ертіс ауданының тумасы Серік Теміржанов та енді. Жерлесіміз 60 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағы үшін бақ сынайды.
Айта кету керек, бастапқыда әлем чемпионатын Қазақстан қабылдауы керек еді. Бірақ еліміз жаңадан құрылған World Boxing (WB) құрамына енгеннен соң 2024 жылдың желтоқсан айының соңында әлем чемпионаты Түркияға көшірілді. Алайда, көп ұзамай Түркия IBA-дан шықты. Ақырында, 2025 жылдың шілдесінде чемпионатты БАӘ-де өткізу туралы шешім қабылданды.
Әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бір ай бұрын Семейде өткен Қазақстан чемпионатында жерлесіміз өз салмағындағы ең үздік боксшы атағын қайтарып алды. Шешуші кездесуде павлодарлық Серік Теміржанов жамбылдық Бейбарыс Жексенмен кездесті. Қиын жекпе-жекте Серік жеңіске жетіп, 2025 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жіберген есесін қайтарды.