Ерекше экспонаттар: Павлодарда қимақ жауынгерінің салмағы 30 келі қару-жарақтары бар
Павлодар облысында екі жерден қимақтарға қатысты жәдігерлер табылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қимақ жауынгері» экспонаты қойылған. Жауынгердің мүсінінде оған тиесілі қару-жарақтар да келушілердің назарына ұсынылған.
Музейдің экскурсия бөлімінің жетекшісі Надежда Майбаның айтуынша, аталған жәдігер 2001 жылы Май ауданындағы Қызыл Еңбек ауылына жақын жерде табылған.
- Бұл жерде жауынгердің сүйегі емес, оның қару-жарақтары табылды. Қазба барысында екі қылыш, дулыға, жебе ұштары, қанжар, ат әбзелдері, мыс қазан шықты. Жауынгердің сүйегінің табылмауына қарағанда жауынгер қайтыс болғаннан кейін оны туған жеріне қайта жерлеген болуы мүмкін. Сосын реставраторлар осы қимақ жауынгерінің сыртқы келбетін жасап шықты, - деді Надежда Майба.
Жауынгердің қару-жарағының жалпы салмағы 30 келіге дейін жетеді. Яғни, жауынгердің күші көп, еңсегей бойлы болған.
Музей қызметкерінің айтуынша, аталған жәдігерлер жер астында 1 мың жылға жуық уақыт жатқан.
Айта кетейік, 2021 жылы Павлодар қаласына жақын Байдала ауылының маңындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында қимақтардың қорғаны табылған болатын. Сондағы анықталған құнды жәдігердің бірі – «Қимақ күймесі». Қазіргі уақытта аталған күймені реставраторлар жаңғыртып жатыр.
Фото: автор