Павлодарлық жас боксшылар республикалық турнирден медальмен оралды

Павлодарлық жас боксшылар республикалық турнирден медальмен оралды

Жарысқа еліміздің әр өңірінен 156 жас боксшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қарағанды қаласында өткен Ауғанстаннан әскерлерді шығарудың 35 жылдығына арналған бокстан ашық республикалық турнирге облысымыздан «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының 6 тәрбиеленушісі қатысты.

Сайыс қорытындысы бойынша «Жігер» клубының тәрбиеленушілері өз қоржындарын алты медальмен толықтырды.

Алтын медальді М. Жүсіп атындағы ЖОМ оқушысы 11 жастағы Азамат Оразбай, № 27 ЖОМ оқушысы 11 жастағы Сұлтан Баймұрат, Ж.Тәшенов атындағы ЖОМ оқушысы 9 жастағы Әлішер Жүсіпов жеңіп алды.

Күміс медальді № 27 ЖОМ оқушысы 11 жастағы Әлихан Жанболатов, Қ.Мақпалеев атындағы ЖОМ оқушысы 10 жастағы Дидар Мағзұмов, № 41 ЖОМ оқушысы 10 жастағы Мұхаммед Әли Аркен иеленді.

Сондай-ақ, «Үздік техника» кубогымен Азамат Оразбай марапатталды.

Жас боксшыларды клуб педагогі, ҚазССР және Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірінші санатты төреші Ертай Жаменкенов жаттықтырады. 

– Менің шәкірттерім – әртүрлі деңгейдегі турнирдің бірнеше мәрте жүлдегерлері мен жеңімпаздары. Өткен турнирде Азамат Оразбай өзінің дайындығын жақсы көрсетті, - дейді жаттықтырушысы. 

Оның айтуынша, Азамат бокспен 2021 жылдың қыркүйегінен бастап айналысады. Ол –  Астана, Қарағанды, Алматы қалаларындағы республикалық турнирлердің чемпионы, Ресейдің Карасук қаласында өткен бокстан халықаралық турнирдің «Үздік боксшы» кубогының және алтын медаль иегері. 

Айта кетейік, алдағы уақытта тәрбиеленушілер кезекті турнирге дайындалатын болады.