Павлодарлық педагог Ұлттық құрылтай бастамаларын қолдайды
Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
V Ұлттық құрылтайда ел дамуының маңызды бағыттары айқындалып, жастар саясаты, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері кеңінен көтерілді. Бұл бастамаларға Павлодар өңірінің білім беру саласы өкілдері де үн қосуда.
Павлодар қаласы Жетекші мектебінің басшысы Естай Рысбекұлы Мемлекет басшысының жастардың жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы және креативті индустрияны дамытудағы рөліне қатысты пікірін толық қолдайтынын атап өтті.
– Бүгінде жастарға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың нәтижесінде халықаралық деңгейде биік жетістіктерге жеткен жас буын көбейіп келеді. Соның бір дәлелі – қазақстандық робототехника құрамасының төрт дүркін әлем чемпионы атануы. Осындай табысты мысалдар Павлодар өңірінде де аз емес. Біздің оқушыларымыз да жаңа серпін алып, заман талабына сай дамып келеді, – деді мектеп директоры.
Спикер Президенттің Абай ілімін ұлттық бірегейліктің өзегі ретінде атап, «Адал азамат» тұжырымдамасын «Толық адам» идеяcымен сабақтастыруын ерекше маңызды қадам деп бағалады.
– Тұлға болып қалыптасу үшін терең ілімді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Абайдың еңбектерін оқып, ой елегінен өткізу жеткілікті. «Ойыңды түзеймін десең – Абайды оқы, сөзіңді түзеймін десең – Әуезовті оқы, мінезіңді түзеймін десең – Момышұлын оқы» деген сөз бекер айтылмаған, – деді ол.
Сонымен қатар, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген «Таза Қазақстан» бастамасына да тоқталып, бұл бағыт қоғам санасын жаңғыртатын ұлттық идеологияның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін айтты.
– Тазалықты өзімізден бастап, аулаға, көшеге, қалаға деген жауапкершілікті арттыруымыз қажет. Бұл – үлкен өзгерістердің бастауы, – деді Естай Рысбекұлы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы атап өткендей, өткенге байланып қалмай, өзгеретін уақыт келді. Қазақстан – болашағы жарқын жас мемлекет, сондықтан ел дамуы үшін алға ұмтылу әр азаматтың ортақ міндеті.