Павлодарлық оқушылар әскери маман ретінде сезініп көрді

6679 әскери бөлімі Ұлы Жеңістің сексен жылдығына орай оқушыларға ашық есік күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқушылар үшін әскери бөлімнің сап алаңында заманауи үлгідегі қару-жарық пен әскери киім үлгілерінен тұратын көрме ұсынылды. Көрмеге қатысушылар атыс қаруларына таңданыспен қарап, тіпті әр түрлі киім үлгілерін киіп көру мүмкіндігіне де ие болды. №39 орта мектептің оқушысы Әлібекті броньді кеудеше қызықтырды. Ол аталмыш арнайы қорғаныс костюмін киіп, өзін бір сәтке минасыздандыру саласының маманы ретінде сезініп көрді. Мектеп оқушысы болашақта ел шекарасын күзеткісі келетіндігін де жасырмады.
Білім алушылар ашық есік күні аясында казармадағы үй-жайларды аралап, әскери асхананы тамашалады. Ауқаттану нысанында сарбаздарға арналған ас мәзірімен танысты.
– Оқ пен оттың арасында арпалысқан бабалар ерлігін ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырту біздің межелі мақсатымыз болып табылады Әскери-патриоттық тәрбие беру жастарға өз елі мен Отанын сүюге үйрететін, оларды адалдыққа тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі болып табылады, – дейді 6679 әскери бөлім бастығының орынбасары, майор Назбек Мәліков.
Тағылымды шара аясында оқушыларға әскери тәртіп, сондай-ақ әскери қызметтің, жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып түсіндірілді.