Павлодарлық сот ірі көлемдегі қарыз дауын бейбіт жолмен шешті
Қарыздың сомасы тоғыз миллион теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, талапкер К. жауапкер А.-дан тоғыз миллион теңге берешек сомасын, сондай-ақ үш миллион теңгеден асатын тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды талап етіп, сотқа жүгінді.
Талап қоюшының талаптары ЖШС-ның өкілі ретінде А. талап қоюшыдан 9 000 000 теңге көлемінде қарыз алуымен уәжделген. Ақшалай қаражатты беру фактісі қолхатпен расталды.
Азаматтық істі қарау барысында тараптар соттың қатысуымен өзара тиімді шарттарға келе отырып, медиативтік келісім жасасты.
Медиативтік келісім бойынша жауапкер 2024 жылдың шілде айынан бастап желтоқсан айына дейін 5,5 миллион теңге көлеміндегі қарызды бөліп төлеуге міндеттенді.
АПК-нің 278-бабының талаптарына сәйкес талап қоюшыға мемлекеттік баж қайтарылды. Осылайша тараптар іскерлік қатынастарды сақтай отырып, дауды бейбітшілікпен аяқтады.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді, сонымен бірге талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жойылды.