Павлодарда Астана күні достық пен бірліктің мерекесіне айналды

Павлодарда Астана күні достық пен бірліктің мерекесіне айналды
Фото: Константин Шелков

Жағалаудағы басты сахнаның сәнін өңірге белгілі өнерпаздар мен елімізге танымал эстрада жұлдыздары кіргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдерін бір сахнаға жинады. Мерекенің басты алаңы қаланың орталық жағалауы – Ertis Promenade сахнасында өтті. 

Жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің міндетін атқарушы Айша Хамзаеваның айтуынша, қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Олардың қатарында қолөнер бұйымдарының «Арбат» жәрмеңкесі, қол күресі мен арқан тарту жарыстары, сондай-ақ балаларға арналған шығармашылық алаң жұмыс істеді. Мұнда бүлдіршіндер Астананың көрікті орындарының бірі бейнеленген үлкен баннерді бояп, өз қиялдарын көрсетті.

– Концерттік бағдарламаға «Ertis dauysy» жобасының 15 финалисі және Павлодардың жас өнерпаздары қатысты. Олар елордаға арналған патриоттық әндерді орындады, – деді Айша Хамзаева.

Мерекелік кештің сәнін Достық үйінің шығармашылық ұжымдары мен Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістері келтірді. Музыкалық нөмірлердің басым бөлігі мемлекеттік тілде орындалып, тек жекелеген шығармалар ғана басқа тілдерде шырқалды. Бұл мерекенің ұлттық реңкін айқындай түсті.

Поляк этномәдени бірлестігі вокалдық емес, хореографиялық қойылым ұсынып, көрермендерге «Көңілді полька» биін тарту етті. Осы арқылы олар поляк халқының би мәдениетін таныстырды.

Шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өнерпаздары қазақ тілінде патриоттық ән орындап, еліміздегі ұлтаралық келісім мен ортақ құндылықтардың маңызын көрсетті.

Фин-угор этномәдени бірлестігінің мүшелері де қазақ тілінде ән шырқап, мемлекеттік тілдің түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылық екенін паш етті. Ал украин этномәдени бірлестігінің өнерпаздары Қазақстанға бейбітшілік пен өркендеу тілеген патриоттық ән орындады.

Мерекелік концертті Дала өлкесі казактарының одағы туған жерге деген сүйіспеншілік пен халық бірлігін дәріптеген әсерлі концерттік нөмірмен қорытындылады.

Сонымен қатар, қазақ эстрадасының жары жұлдызы Әміре павлодарлықтарды мерекемен құттықтап, әннен шашу шашты.

Мерекедегі ең көп адам жиналған орындардың бірі – «Арбат» қолөнер жәрмеңкесі болды. Мұнда жергілікті шеберлер өз туындыларын ұсынды.

Жәрмеңкеге қатысушы Дарья Глазунова отбасымен бірге 3D-принтер арқылы кәдесыйлар мен ойыншықтар жасайтындарын айтты. Оның сөзінше, бұйымдар арнайы пластиктен дайындалады. Сатып алушылар арасында шағын салпыншақтар мен антистресс ойыншықтары ерекше сұранысқа ие болса, көлемді мүсіншелер көбіне сыйлық ретінде сатып алынады.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері павлодарлықтарды мерекемен құттықтады. Поляк этномәдени орталығының мүшесі Амир Карабаев өз халқының мәдениетін еркін таныстыру мүмкіндігін жоғары бағалайтынын айтып, елордаға өркендеу, Қазақстанға бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Ал «Эльпида» грек этномәдени орталығының өкілі Юлия Соловьева тұрғындарға елдің гүлденуін, ашық аспан, достық, өзара түсіністік пен келісім тіледі.

Астана күні Павлодарда түрлі ұлт пен әр буын өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, елдегі бірлік, бейбітшілік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.