Павлодар облысының үздік медициналық ұйымдары белгілі болды

Павлодар облысының үздік медициналық ұйымдары белгілі болды
Фото: ұйымдастырушылардан

Ақ желеңділер арасында ұйымдастырылған «Медициналық көмектің флагманы» байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалы ұйымдастырған байқауға өңірдегі 66 медициналық ұйым қатысты. Медицина қызметкерлерінің еңбегі 1 мамыр мен 1 тамыз аралығында үш ай бойы алты негізгі көрсеткіш бойынша бағаланды. Олардың қатарында қаржылық тұрақтылық, халықпен ақпараттық жұмыс, шағымдар санын азайту, пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі бақылау жұмысының тиімділігі, өнім берушінің қаржылық тәртібі, сондай-ақ Qalqan ақпараттық жүйесіне қатысу деңгейі болды.

Жеңімпаздар медициналық ұйымдардың қызметін сипаттайтын объективті көрсеткіштер негізінде анықталды. Марапаттау алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық, жедел медициналық көмек, сондай-ақ стационарлық және стационарды алмастыратын көмек бағыттары бойынша медициналық қызмет көрсетушілер арасында өткізілді.

— Байқау медициналық көмекті басқарудың тиімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Дода барысында жоғары нәтижелер көрсеткен және басқарудың тиімді тәсілдерін енгізген медициналық ұйымдар анықталды. Мәселен, екі негізгі бағыт бойынша Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы мен Железин аудандық ауруханасы жеңімпаз атанды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Медициналық көмектің флагманы» қосымша номинациясының «Медицинадағы цифрландыру және тиімді басқару» бағыты бойынша Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы үздік атанды.

Жеңімпаздарға естелік кубоктар мен дипломдарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиал директорының міндетін атқарушы Әсел Оқапова табыстады.

— Конкурс жоғары нәтижелер көрсетіп отырған медициналық ұйымдарды атап өтумен қатар, басқару, медициналық көмектің сапасы және халықпен өзара іс-қимыл салаларындағы үздік тәжірибелерге назар аударуға мүмкіндік береді. Бағалаудың нақты қызмет көрсеткіштері негізінде жүргізілгені аса маңызды. Бұл конкурсты медициналық ұйымдардың жетістіктерін объективті түрде мойындаудың тиімді құралына айналдырады, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Медициналық көмектің флагманы» байқауы Павлодар облысында тұрақты нәтижелер көрсетіп, басқарудың заманауи тәсілдерін енгізіп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ұмтылып отырған медициналық ұйымдардың тәжірибесін атап өтуге мүмкіндік берді.