Павлодарлық камералық хор «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты
Фестиваль Қазақстанның кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, камералық хордың артистері Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі» халықаралық фестивалінде өңірдің музыкалық өнерін лайықты деңгейде таныстырған. Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Мадина Нұрғожинованың жетекшілігіндегі шығармашылық ұжым бірнеше тың әрі әсерлі нөмір ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының әндерінен құралған попурри орындалғанда кешке жиналғандар ерекше жылы қабылдаған.
Қазылар алқасының құрамына отандық мамандармен қатар Түркия мен Оңтүстік Кореядан келген көрнекті мәдениет қайраткерлері енді. Жоғары орындаушылық шеберлігі, өзіндік ерекшелігі және хор өнерінің дәстүрлеріне деген тың көзқарасы үшін павлодарлық артистер II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Айта кету керек, Ақтөбеге сапар алдында ұжым мүшелеріне арнайы жаңа концерттік костюмдер тігілді. Көркем безендірілген сахналық киімдердің авторлары – филармонияның костюмерлері мен қаладағы ең көне «Стиль» ательесінің шеберлері.
– Хор фестиваліндегі өнер көрсетуіміз ерекше жылы әрі шабыт сыйлаған сәт болды. Ұжым біртұтас, әсерлі әрі шынайы музыкалық деңгейде үн қатты. Біз шығармалардың сипатын да, эмоциялық тереңдігін де жеткізе алдық деп ойлаймын. Хор ішіндегі өзара түсіністік пен көрерменнің ықыласы қуантты. Бұл - бізді сахнаға жетелейтін басты себеп. Барлық қатысушыларға еңбегі мен бірлескен шығармашылығы үшін алғыс айтамын, - деді ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мадина Нұрғожинова.

Сондай-ақ, ол жерлестеріне және филармония әкімшілігіне көрсеткен үлкен қолдауы мен ықыласы үшін ризашылығын білдірді. Павлодар мен Ақтөбе арасы шамамен екі мың шақырымды құрайды. Ұжымды толық құрамда батыс өңірге алып бару үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, биыл Ақтөбеде өткен халықаралық хор фестивалі Қазақстанның кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылды.