Павлодар әуежайы ақпарат ұсынбағаны үшін айыппұл төледі

Павлодар әуежайы ақпарат ұсынбағаны үшін айыппұл төледі
Фото: Константин Шелков

Кәсіпкерлік кодексі бойынша әуежай бес жұмыс күні ішінде ақпарат ұсынуы тиіс болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қуат Өтеуов мәлім етті. 

Департаментке «Павлодар әуежайы» аэровокзал аумағында сауда алаңдарын жалға беру жөніндегі қызметтерге монополиялық жоғары бағаны белгілеу бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша «Air Astana» авиякомпаниясынан өтініш түскен.  

– Тергеу аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалдау ақысының өсуінің негізгі себебі жалақы және тазалау құралдарын сатып алу шығындарының ұлғаюы, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі болып табылады. Тергеу тоқтатылды, – деді Қуат Өтеуов. 

Бірақ жүргізілген тергеу шеңберінде сұратылған ақпаратты ұсынбау фактісі бойынша Павлодар әуежайы 664 560 теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл ретте ҚР Кәсіпкерлік кодексі бойынша сұратылған ақпаратты компания бес жұмыс күні ішінде ұсынуға тиіс болатын.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әуежай алаңдарын жалға беру қызметтерінің тарифі өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға қымбаттаған.