Павлодарлықтар «Қаз қонақтың» ежелгі жануарларына қандай атау берді?

Павлодарлықтар «Қаз қонақтың» ежелгі жануарларына қандай атау берді?
Иллюстрация: AI

Палеонтологиялық табиғи ескерткішке арналған логотиптер байқауының екінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жолы қатысушылар ескерткіш аумағынан табылған үш ерекше жануарға, яғни, қылыштісті жолбарыс, жираф және ақбөкенге атау беру құқығы үшін бақ сынасты. Байқауға түрлі жастағы 32 автордан шығармашылық, креативті жұмыстар келіп түсті.

Қазылар алқасының айтуынша, екінші кезеңнің мақсаты жануарлардың бейнесіне мәдени, тарихи және табиғи мән-мағына беретін ерекше атауларды ойлап табу. Жеңімпаздарға ең әсерлі әрі мағыналы шешімдері үшін марапаттар табысталды.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов байқаудың ескерткішті насихаттаудағы маңызын атап өтті.

Мұндай байқаулар ескерткіштің сақталу маңызын арттырады. Алдағы уақытта жастар мен байқау қатысушыларын тартатын музей ашылады деп үміттенемін. Бұл бізге болашақ ұрпаққа сенім мен негіз береді. Бастамашыл топ үлкен жұмыс атқаруда. Бұл ескерткіш павлодарлықтар үшін тартымды орынға, ал өңір үшін маңызды факторға айналады. Әлемдік деңгейде де жұмысты жалғастыру маңызды, деді Бәкір Демеуов.

Ақбөкенге атау бергені үшін бірінші орынға Ярослав Терейковский ие болды. Ол жануарды «Сары жел» деп атады. Автордың пікірінше, бұл «даладағы алтын жел» дегенді білдіреді. Жирафқа «Ерсам» деген атауды Гүлмира Асылбекова ұсынды, бұл «Ертіс» пен жануардың ғылыми атауы «Саматерий» сөздерінің үйлесімі. Қылыштісті жолбарысқа қатысты байқауда қазылар алқасы бір жеңімпазды анықтамай, екі автордың идеясын біріктірді: Гүлмира Асылбекова «Қылыш», ал Джамиля Жексенова «Патша» деген сөздерді ұсынды. Нәтижесінде ежелгі жыртқыш «Қылыш патша», «Қылыш-хан» деген атауға ие болды.

Жеңімпаздар қатарында Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлмира Асылбекова да бар.

Алдымен байқауға студенттерімді қатысуға шақырдым. Кейін өзім де қатысқым келді. «Қаз қонақ тақырыбы маған жат емес, ескерткішті сақтау бойынша ғылыми жобаларға қатысқанмын. Бұл нысан тек облыстық емес, республикалық деңгейде де үлкен назар аударуды қажет етеді, деді Гүлмира Асылбекова.

«Қаз қонақ» Ертіс өзенінің жағасында орналасқан бірегей палеонтологиялық табиғи ескерткіш. Дәл осы жерде жасы шамамен жеті миллион жыл болатын гиппарион фаунасының қалдықтары сақталған.

Еске сала кетейік, байқаудың алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша логотип авторлары Елена Фриауф пен Диляра Щуровская жеңімпаз атанды. Бұл байқау табиғи мұраны сақтауға ынталанған адамдарды біріктіріп, өңірдің мәдени дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда.