Павлодарлық аналар құрақ тігіп, әлемдік рекорд орнатуға аттанбақ

Павлодарлық аналар құрақ тігіп, әлемдік рекорд орнатуға аттанбақ
Фото: Есенжол Исабек

Олардың көрпесі Алматыда өтетін үшінші «Аламан құрақ – 2025» жобасының төрінде жайылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс музейінде V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында жүзеге асырылған «Аламан құрақ» республикалық жобасына қатысқан қолөнер шеберлерін марапаттады.

Олар «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енген құрақ көрпелерді тігуге атсалысқан.

–  Кілемді жасауға 30 қолөнерші қатысқан болатынбыз. Барлық шеберлермен бірге 11 200 шаршы метрді құрайтын бұйыммен жұмыс істедік, – дейді баянауылдық шебер Гүлназия Жүсіпбаева.

Құрақ көрпе тігушінің айтуынша, олар былтыр тіккен кілемніңені – 40 метр, ұзындығы – 252 метр. Барлығы 450 көрпе қолданылып, біреуінің өлшемі 2,5 метр 90 сантиметрді құраған.

Көрпелерді тігу үшін «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» әдістері, сондай-ақ өсімдіктер мен төртқұлақ қошқар мүйізі оюлары қолданып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 450 қолөнерші бір-бірін көрмей, білмей-ақ бір үлкен кілемнің бірдей элементтерін тігіп, Астанада бас қосқан.

–  Ал, осы жылдың шілде айында Алматы қаласында бас қосып, әлемдік рекорд орнатуға ниеттеніп отырмыз, – дейді ол.

Биыл көрпені жайып көрсетудің жаңа форматы ойластырылып, композициялық шешімі өзгеріп, көрпенің жаңа дизайны бекітіліп, түстер палитрасы, өлшемі мен тігілу форматы жаңартылған. Барлық қатысушыларға бірдей түстегі маталар алдын ала жіберілген. Осылайша, көрпелердің стилі, реңі мен өлшемі біркелкі сақталады.

Айта кетейік, аталмыш жоба әр жылы әр қалада, жаңа кеңістікте өткізіледі. Жобаның мақсаты – ұлттық өнердің бүкіл ел аумағында қозғалысқа түсіп, халықты біріктіру.