Павлодарлықтар полицияға мобильді қосымшалар арқылы хабарлай алады

Павлодарлықтар полицияға мобильді қосымшалар арқылы хабарлай алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері цифрлық сервистерді 1,5 мыңнан астам тұрғын пайдаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындар құқық бұзушылықтар туралы Egov Mobile және интеграцияланған банк қосымшалары арқылы полицияға хабарлай алады. Сервисте мәтіндік немесе бейнеөтініш жолдау мүмкіндігі қарастырылған.

Келіп түскен ақпарат полицияға жедел жолданып, қызметкерлер тиісті шаралар қабылдайды. Сервис еліміздің барлық аумағында тәулік бойы қолжетімді.

Жыл басынан бері цифрлық сервисті 1564 адам пайдаланған. Оның ішінде 299 өтініш «Омниканальность» мобильді қосымшасы, 734 өтініш Egov Mobile, 483 өтініш Kaspi.kz және тағы 19 өтініш HalykBank арқылы келіп түскен.

Мәселен, Павлодар тұрғыны «Омниканальность» қосымшасы арқылы Geely Atlas жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны туралы хабарлаған. Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

– Кері байланыстың цифрлық арналары азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлауға, ал полицияға келіп түскен ақпаратқа уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың бұл форматы полиция жұмысының халық үшін барынша ашық әрі қолжетімді болуына ықпал етеді, – деді Павлодар облысы ПД Жедел басқару орталығының бастығы Қуаныш Мұстафинов.

Полицияда бұл мүмкіндік «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ішкі істер органдарының қызметін цифрландыру бағыттарының бірі екенін атап өтті.