Павлодарда балқаймақ шығарыла бастады
Марина Рейдина осыдан үш жыл бұрын бастаған кәсібін бүгінгі таңда кеңейтіп, басқа өңірлерге де жеткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкер «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұлттық өнімдерді шығаруды қолға алған.
– «Даму» қорынан несие алып, өз кәсібімді бастадым. Бүгінгі таңда бірнеше Қарағанды, Екібастұз және Павлодарда үш филиалымыз бар. Күніне шамамен екі тонна сүтті өңдеп, түрлі өнімдер жасаймыз, – дейді «ЭкоДом-Павлодар» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Марина Рейдина.
Кәсіпорын құрт, қоспа, ірімшік өнімдерінен бөлек, жаңа тағам – сүттен жасалатын ұлттық тағам ұсынбақ.
– Мен ұлттық тәттілерді жақсы көремін. Кәсіпорын ашқалы тұтынушыларымыз көбейді. Оларды қуанту үшін түрлі эксперименттер жасап, жаңаша өнімдер шығарамыз. Мәселен, жасыл, сары алма, құлпынай, шие сынды дәмдермен құрттарды өндіреміз. Бүгінде балқаймақ өндіре бастадық, – дейді «ЭкоДом-Павлодар» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Марина Рейдина.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, сүттен жасалған өнімдер «Халал» сертификатын алу үшін тексерістен өткізуге жіберілген және алдағы бір ай көлемінде тағамның адал екенін растайтын сертификат алуы мүмкін.
Фото: Константин Шелков