Павлодарлықтарды «Ertis Promenade»-тың ашылуында тосын сый күтеді
Жергілікті әртістердің өнері басты назарда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева мәлім етті.
– Біз «Ertis Promenade» ертерек ашылады деп ойладық, алайда елдегі болған жағдайға байланысты күнді қайта қарастырдық. Ресми ашылуы осы сенбіде – 1 маусымда болады. Күндіз балаларға арналған бағдарлама болса, кешкі жетіде жергілікті орындаушылардың қатысуымен концерт басталады, – деп атап өтті Светлана Гладышева.
Оның сөзінше, жазғы уақытқа ауқымды бағдарлама әзірленді. Концерттер маусымының жабылуы 14 қыркүйекке түсіп тұр. Үш жарым ай ішінде тақырыптық би кештері, көрмелер, спорттық шаралар, кинофильмдердің көрсетілімі, түрлі шеберлік сағаттар өтеді. Жергілікті әртістердің шығармашылығына баса назар аударылмақ.
– Биыл республикалық деңгейдегі жұлдыздарды шақыру жоспарда жоқ. Бірақ демеушілердің ұсынысымен олардың қатысуын қарастырамыз. Павлодар өңірінің жұлдыздарына басты назар аударылады. Бізде гео өзгерістер орын алды: өңірлерді су басты. Республика деңгейінде қаражатты тұрғындардың игілігі үшін үйлерді, адамдарға келтірілген зиянды қалпына келтіруге бағыттау қажет деген шешім қабылданды. Сондықтан облыста ойын-сауық іс-шарасына бағытталған бюджет өзгертіледі, – деді спикер
Концерттердің басым бөлігін ұйымдастырып жүрген республикалық концерттердің қоюшы режиссеры Алтынбек Рахметовтың пікірінше, «Ertis Promenade» сахнасы талай танымал әншіні көрді.
– Жеті жылдың ішінде облыс тұрғындары және қала қонақтары қазақстандық жұлдыздарға тоятындай кез келген секілді. Өйткені кейбір жұлдыздарымыз бір рет емес үш-төрт рет келді. Жеті жылдың ішінде бұл сахна кімді көрмеді, бәрін көрді. Павлодарлықтарға арналған сахна болғандықтан, жергілікті өнерпаздарды жақсы деңгейде, образда көрсету деген ниет болды, – деді Алтынбек Рахметов. – Кейін көре жатарсыздар, мүмкін мүлдем жұлдыздар да қажет емес шығар. Қала және облыс тұрғындарының көмегімен биылғы маусымды ашып, жауып республикаға шу көтеріп, бір ноухау кіргізгеніміз де дұрыс шығар.
Салтанатты ашылуда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жариялаған «Караоке PVL» халықтық байқауының қорытындысы шығарылады. Өнерге жақын емес жастары жиырма төрттен алпысқа дейінгі қатысушылар ән айтатын болады. Олармен Астана қаласының стилистері мен визажистері жұмыс істейді. Орындаушылар арасында кәсіби әншілікке қатысы жоқ адамдар, яғни зауытта жұмыс істейтін қызметкерлер, дәрігерлер, ұстаздар бар.