Ақтоғайда суға батқан жасөспірімдерді құтқарған офицер марапатталды
Тамыз айындағы оқиға үшін полиция қызметкеріне медаль табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен суда адамдарды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін полиция қызметкері Ердәулет Мәкімов «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Медальді ТЖМ басшысының атынан облыстық ТЖД бастығы Рустамбек Амрин табыстады.
– Су – өмірге қауіпті стихия, сол себепті аталмыш жағдайларда әр секунд санаулы болып табылады. Сіз қайғылы жағдайдың алдын алдыңыз. Сіздің батыл әрекеттеріңіздің арқасында екі жасөспірімнің өмірін сақтап қалдыңыз, – деп атап өтті департамент бастығы.
Еске сала кетейік, жағдай 1 тамызда орын алды. Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің аға тергеушісі Ердәулет Мәкімов кезекті демалыста болған. Сол күні отбасымен демалып жатқанда, Ертіс өзенінің жағасында тұрған ұлдардың айқайын естіді. Офицер судағы батып бара жатқан жасөспірімдерді көріп, бір секунд ойланбастан өзенге секірді.
Полиция маманы судан бір баланы шығарып үлгерді, ал екіншісі ағынмен кете бастады. Ол ойланбастан қайта суға түсіп, жасөспірімге жетіп, күшін жинап, онымен бірге жағаға жетті. Балаларға алғашқы көмек көрсетті. Өз кезегінде, Ердәулет Мәкімов төтенше жағдайларда көмек көрсету әркімнің міндеті деп санайды. Полиция қызметкері Ішкі істер органдарында 12 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Жұбайымен бірге олар үш бала тәрбиелеп отыр.