Павлодарлық аграршылар цифрлық сервистерді белсендірек қолдана бастады
Ауыл шаруашылығы басқармасы 17 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді, олардың барлығы электронды форматқа көшірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бұл қызметтерді Gosagro, Qoldau.kz, Subsidy.plem.kz веб-порталдары және «E-license» ақпараттық жүйесі арқылы тегін ала алады.
– Аталған платформаларды пайдалану өтініш берушілермен байланыссыз және ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді, өтінімдерді өңдеу уақытын қысқартады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, – деді мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Кәленов.
Ведомство бірінші тоқсанда 1127 мемлекеттік қызмет көрсетсе, екінші тоқсанда – 2344, ал үшінші тоқсанда – 3126 қызмет көрсеткен. Аграрлар негізінен инвестициялар, асыл тұқымды мал шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту, тыңайтқыштар құны, пестицидтер мен биологиялық агенттер бойынша қызметтерге қызығушылық танытқан.
Сонымен қатар, Әлібек Кәленов проблемалық мәселелерге де тоқталды. Оның ішінде әсіресе егіс және орақ науқаны кезінде субсидияға өтінімдердің күрт өсуі бар. Субсидиялау қағидаларына сәйкес, басқарма өтінімдерді тіркелген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде қарастыруға міндетті. Мамандар осынша көлемді өтінімді бір күн ішінде өңдеп үлгермейді.
– Өтінімді бір қызметкер қарайды. Әр маман өзіне бекітілген мемлекеттік қызмет түрі бойынша барлық өтінімдерді толық сүйемелдейді, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.
Әлібек Кәленов бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде маусым кезеңінде өтінімдерді қарау мерзімін ұзарту немесе мамандар арасындағы жүктемені оңтайландыру екенін атап өтті.
Облыстық ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Мәдияр Әбілдиннің пікірінше, ауыл шаруашылығы басқармасының сайты жеткілікті деңгейде ақпараттық емес.
– Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде тек ресми сайтпен шектелмейміз. Басқа да ақпараттық платформалар бар, – деді Мәдияр Әбілдин.
Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшелері білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Үздембаеваның есебін тыңдады. Ведомство білім беру қызметімен айналысуға лицензия береді және шетелге оқуға түсушілерге арналған білім туралы құжаттардың түпнұсқасына апостиль қояды. Бұл мемлекеттік қызмет бойынша тоғыз өтініш берушіге бас тартылған. Негізгі себеп – құжаттардың толық болмауы.
Мәдияр Әбілдин облыстың бірқатар ведомстволарына ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында: жіберілген заңбұзушылықтарды талдау, мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған қызметкерлерді оқыту, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарындағы ақпаратты өзектендіру бар.