Павлодар орманшылары өрт маусымы аяқталғаннан кейін немен айналысады?
Орман күзетшілерінің жұмысы тоқтамайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде өрт қауіпті маусым аяқталды. Барлық техника тексеріліп, гараждарға қойылады, қажет болған жағдайда ақаулар жөнделеді. Келесі өрт қауіпті маусымға барлық құрылғылар мен техника толық дайындықта болуы тиіс.
– Өрт маусымы аяқталғаннан кейін де біздің қызметкерлер демалмайды. Біз жоспарлар құрып, кесте әзірлейміз, мемлекеттік органдармен хат алмасып, келесі жылға дайындық жүргіземіз. Сонымен қатар, қыстық кезеңде бізде қосымша міндеттер бар. Орман күзеті тек өрт сөндірумен шектелмей, орманды қорғаумен, оның ішінде санитарлық кесумен айналысады, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елюбаев.
Оның сөзінше, жақында ғана орманды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ал желтоқсан айынан бастап «Шырша» операциясы басталады, онда жас шыршалар жаңа жыл мерекесі қарсаңында күзетке алынады.
Өрт шыққан жерлерде орман бұрын толықтай жасыл желек санатына жатса, енді олар күйік категориясына енгізіледі. Кейін сол аумақтарда санитарлық кесу жоспарланып, содан соң жерді дайындап, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Соңында жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізіледі.