Павлодарда балаларға арналған жаңа скалодром ашылды
Жаңа нысанда 500-ден астам тәрбиеленуші жаттыға алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің мәліметінше, қалалық балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығында жаңа скалодром орнатылып, пайдалануға берілді.
Нысанды жаңарту мәселесі биыл шілде айында көтерілген. Сол кезде қала әкімі орталыққа барып, тәрбиеленушілердің жаттығу жағдайымен танысқан еді. Орталық өкілдері жаңа скалодроммен қатар, ауа райы қолайсыз кезде де жаттығуға мүмкіндік беретін жабын қажеттігін айтқан.
– Біз сіздер үшін жаңа скалодром орнатамыз. Қолдау көрсетеміз, – деген еді Хасар Хабылбеков шілдедегі кездесу барысында.
Арада екі ай өткен соң, қыркүйекте жаңа скалодром орнатылып, пайдалануға берілді. Қала әкімі орталыққа қайта барып, жаңа нысанды аралап, тәрбиеленушілермен кездесті.
Орталық өкілдерінің айтуынша, жаңа скалодром бұрынғыдан биік әрі кәсіби деңгейдегі жаттығуларға бейімделген.
– Балалар өте қуанышты. Бүгін алғаш рет сынап жатырмыз. Бұл – балаларымызға, олардың қауіпсіздігі мен кәсіби дамуына салынған инвестиция. Жаңа скалодром бұрынғыдан биік әрі кәсіби деңгейде жасалған. Біз республика чемпионатына барғанда дәл осындай деңгейдегі қабырғада өрмелейміз, – деді орталық өкілі.
Жаңа нысанды республикалық спорт құрылыстарының тізіліміне енгізу жоспарланып отыр. Бұл скалодромда алдағы уақытта жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ орталық өкілдері бұған дейін сұраған жабынды орнату қарастырылған.
Жаңа скалодромды аралаған қала әкімі балаларға спорттық жетістіктер тіледі.
– Ең бастысы – балаларымыз. Сондықтан игіліктеріңізге пайдаланыңыздар, – деді Хасар Хабылбеков.
Қазір орталықта туризм және скалодром бағытында 500-ден астам тәрбиеленуші шұғылданады. Жаңа нысан олардың қауіпсіз жағдайда жаттығып, шеберліктерін шыңдауына және жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді.