Павлодарлық «Alash» командасы робототехникадан республиканың абсолютті чемпионы атанды
«Bilim Shyny FIRST» республикалық чемпионаты Астана қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елорда төріндегі додада облыс намысын қорғаған «Сатурн» робототехника мектебінің тәрбиеленушілері қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.
Жарыс қорытындысы бойынша «Alash» командасы жоғары дайындық деңгейін, инженерлік ойлау қабілетін және үйлесімді командалық жұмысты көрсетіп, Абсолютті чемпион атағын жеңіп алды. Жеңімпаздарға чемпиондық ту, арнайы кубок пен дипломдар салтанатты түрде табыс етілді.
Команда құрамында Мадияр Омарғалиев, Егор Олейник және Давыд Кондаков өнер көрсетті. Жас өрендерді жарысқа менторлар Анар Жамбул мен Алексей Ли дайындаған.
– Мұндай жарыстарға қатысу оқушылардың инженерлік құзыреттерін дамытуға, командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға және республикалық әрі халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді, — деп атап өтті облыстық білім беру басқармасының өкілдері.
Айтулы шараны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы және USTEM Foundation ұйымдастырды. Чемпионаттың ашылу салтанатында «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, FIRST робототехника чемпионаты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының ресми тізіміне енгізілген. Павлодар облысының білім басқармасы жеңімпаздарды құттықтап, оларға халықаралық кезеңдерде сәттілік тіледі.